31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «Ауылым Ақмоланың саласында, Ақмола екі дуан арасында. Жүз жылқы, сексен тайлақ берген жарым, Жаудырап екі көзің қаласың да. Ауылым ерте көшіп Жамбай қонды, Білгенге Иманжүсіп қандай болды?!». Әрине, оның өміріне қарап отырсақ, қазақ даласының көп бөлігінде болған, ақындық, серілікпен ел аралайды, ал патша ұлықтары Иманжүсіпті бірде Өскеменге, енді бірде Қапалға жер аударған, Иманжүсіп 1913 жылы Шиеліге кеткен болса, өмірінің соңғы дәуірін Мойынқұмда өткізеді. Халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Кеңес дәуірінде қудалау көрген Иманжүсіп Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы Сарысуға көшіп, 1930 жылы 20 желтоқсан күні тұтқындалған. 1931 жылдың наурыз айының 2 жұлдызында ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен атылып, 1990 жылы толық ақталған. Атаулы күнге орай тау тұлғаның немересі, философия ғылымының докторы, профессор Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы мен мектеп директоры, ұстаздар, оқушыларымен бірігіп Иманжүсіп атаның тасы орнатылған Құтпан әулетінің қорымына барып, құран бағыштады. Раушан Нұрханқызы ұлт азаттығы үшін аянбай күрескен асқар тұлға туралы құнды деректермен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп оқушылары, аудандық Есен Ұлан Иманжүсіп Құтпанұлына арнауымен, Тортаев Ерасыл ақын өлеңін жатқа мәнерлеп оқуымен өнерлерін көрсетіп, Раушан Нұрханқызының батасын алды.